Былтыр шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 35,7%-ды құрады

556

Ұлттық экономика министрлігі экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін 40 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр. 

Былтыр шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 35,7%-ды құрады Фото: Liter.kz

Бұл туралы ведомствоның Стратегиялық жоспарлау және аймақтық даму бөлімінің басшысы Мерей Исаева хабарлады, деп жазады inbusiness.kz. 

"Министрлік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі уәкілетті орган ретінде екі стратегиялық құжатты басшылыққа алады. Бұл шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және 2025 жылға дейін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба. Министрлік өз алдында экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін 40 пайызға дейін, ЖІӨ-дегі орташа кәсіпкерлік үлесін 20 пайызға дейін, бақыланбайтын (көлеңкелі) экономиканың үлесін 12 пайызға дейін, ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын 5 млн адамға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр", - деді спикер "Жаңа Қазақстан" бизнес-форумында.

Мерей Исаева соңғы 10 жылдағы статистикаға тоқталды.

"Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 16 пайыздық тармаққа өсіп, 2022 жылы 35,7 пайызды құрады. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 35 пайызға артып, 3,5 млн адамға жетті. Жұмыс істеп тұрған ШОБ нысандарының саны 44 пайызға артып, 1 431 647 субъектіні құрады. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 1 694 672, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 17 пайызға жоғары", деді министрлік өкілі.

Ол ҰЭМ қаржылық және қаржылық емес құралдарды қамтитын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың кең спектрін ұсынатынын атап өтті.

"Қаржылық шараларға банктердің бизнесті дамытуға бөлетін несиелері бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесін төмендету (субсидиялау), кәсіпкерлердің несиелеріне кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу жатады. Ең сұранысқа ие құралдарға сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және несиелер бойынша ішінара кепілдік беру кіреді", - деді ҰЭМ Стратегиялық жоспарлау және аймақтық даму бөлімінің басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу