Былтыр Шымбұлаққа 1,5 миллионнан астам шаңғышы келген – Үкімет басшысы

113

Елдегі шаңғы трассалары туристерге толы. 

Былтыр Шымбұлаққа 1,5 миллионнан астам шаңғышы келген – Үкімет басшысы Фото: Гиннес рекордтар кітабы

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысында, Шығыс Қазақстан өңірінде және басқа да аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Азия ойындары – өңірдегі ең ірі спорттық шаралардың бірі. Сонымен қатар бұл – спортшыларымыздың Олимпиадаға дайындық деңгейін тексеруге арналған жақсы мүмкіндік. Байрақты бәсекені небәрі бір жылдан кейін Миланда өтетін қысқы Олимпиада қарсаңындағы ең басты жарыс алаңы деуге болады. Сондықтан Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, алдағы Олимпиадаға да сапалы дайындық жүргізу қажет", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов еліміздің климаттық жағдайы қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы екенін айтты.  Оған қажетті инфрақұрылым да бар.

"Қазақстанда қысқы Азия ойындары, Кубок кезеңдері мен әлем чемпионаттары сияқты халықаралық жарыстар сәтті өткізілді. Мұның барлығы халықтың қысқы спорт түрлерімен айналысуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Спорттық туризмге тың серпін береді. Біздегі шаңғы трассалары туристерге толы. Сондықтан спорттық инфрақұрылым нысандарын дәріптеу жұмысын жандандыра түсу қажет. Мысалы, былтыр Шымбұлақ бөктеріне келген шаңғышылардың саны 1,5 миллионнан асып кетті. Шаңғы теуіп, таза ауамен тыныстап қайтушылардың қатары оның тәуліктік қуатынан әлдеқайда көп болып отыр. Сондықтан курортты одан әрі дамытып, Алматымен қатар Алматы облысында, Шығыс Қазақстан өңірінде және басқа да аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау қажет", – деді Премьер-министр Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктерге инвесторларды тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдайлар жасауды тапсырды.

Сонымен бірге барлық спорт объектілері қалың көпшілікке қолжетімді болып, көрсетілетін қызметтердің бағасы да келушілер үшін қолжетімді болуға тиіс, деп атап өтті Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу