Былтыр субсидиясыз қалған шаруаларға наурыз айынан бастап қаражат бөлінеді

293

Өткен жылы ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның қолжетімділігін арттыру мақсатында Qoldau порталының орнына жаңа Gosagro.kz ресурсы іске қосылды. 

Былтыр субсидиясыз қалған шаруаларға наурыз айынан бастап қаражат бөлінеді

Алайда көктемгі егіс жұмыстары басталмас бұрын, жаңа сайттың кемшіліктеріне байланысты фермерлердің 90%-ы субсидиясыз қалды.

Биыл сол шаруаларға бірінші кезекте субсидия берілетін болды. Осы жылға жоспарланған бюджет — 430 млрд теңге наурыз айынан бастап таратылатын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа сілтеме жасап.

"Былтыр субсидияның көлемі 420 млрд теңге болатын. Шаруашылықтар ісі оңға басып, біраз мал алынды, сүт өнімдері өндірілді. Қосымша 90 млрд теңге сұралды, соның 64 млрд берілді, қалған ақша бидайды сатып алуға кетті. Биыл да осы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Қазір бюджетте 430 млрд теңге қаржы бар, ақшаны бірінші кезекте былтыр субсидияны ала алмағандар алады. Кезек ұйымдастырылды, соған сәйкес бюджет үйлестіріледі", — деп хабарлады министр.

Оған қоса былтыр табиғи жағдайларға байланысты шаруалар жағдайы ушыға түсті, тығырықтан шығу үшін фермерлер айналымға құю керек болған ақшадан 45 млрд теңгені несиені жабуға жұмсады. "Енді олар биыл көктемгі дала жұмыстарына қайта несие ала алады ма?" деген орынды сұрақ туындайды. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрі кепілдік болса, несие берілетінін хабарлады.

"Біз былтыр біраз шаруашылықтарға көмектестік. Корпорациядан алғандарға төлем уақытын күзге дейін создық, Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроФинанс-тан алғандарға да бір жылға уақытын шегердік. Сондықтан олардың кепілдігі болса, біз тағы да несие беруге дайынбыз", — деп жауап берді Айдарбек Сапаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу