Былтыр зейнетақы мен әлеуметтік төлем құны қаншаға жетті?

396

Өткен жылы 2,3 млн зейнеткерге жалпы сомасы 3,3 трлн теңге зейнетақы төленді. Балалы отбасыларға жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 578,4 млрд теңге бөлінді. Аталған қолдау шарасымен барлығы 1,3 млн адам қамтылды.  

Былтыр зейнетақы мен әлеуметтік төлем құны қаншаға жетті? Фото: inbusiness.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы Светлана Жақыпова Еңбекминінің кеңейтілген Алқа отырысында ведомствоның 2023 жылғы жұмысын қорытындылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сөз басында Светлана Жақыпова Еңбекминінің өткен жылы атқарған жұмыстарындағы негізгі жетістіктерін, зейнетақы мөлшерін, оның ішінде базалық зейнетақы мөлшерін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру бойынша міндеттердің орындалуы туралы атап өтті.

Министр 2023 жылғы мемлекеттік қолдаудың қорытындыларын ұсынды. Мәселен, 2,3 млн адамға зейнетақы төлеуге арналған бюджет шығыстарының жалпы сомасы 3,3 трлн теңгені құрады.

"Балалы отбасыларға жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 578,4 млрд теңге бөлінді. Аталған қолдау шарасымен барлығы 1,3 млн адам қамтылды, оның ішінде бала туғанда берілетін жәрдемақы, көпбалалы аналарға, сондай-ақ кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар қамтылған.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу үшін 545,5 мың алушыға 409,7 млрд теңге бағытталды.

6,9 млн міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға 536,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік аударымдар түсті", — деді С. Жақыпова. 

Сонымен қатар министр ТМД елдері арасында алғаш рет әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған Әлеуметтік кодекс қабылданғанын еске салды.

Әлеуметтік кодекс аясында мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсетуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы іске асырылды және толық көлемде іске қосылды. 

"ОЦК енгізу нәтижесінде 2023 жылы 844 мыңға жуық адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS жолданды. Бұл ретте 333 мыңнан астам адам жәрдемақыны немесе төлемді өтінішсіз алу мүмкіндігін пайдаланды", – деді ведомство басшысы.

Министр хабарлауынша, жұмыстың тағы бір маңызды бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу болды. Өткен жылы 963 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жастар үшін бизнес ашуға және дамытуға жеңілдікті микрокредиттер берілді, халықтың әлеуметтік осал санаттарына кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін гранттар берілді.

"Бұдан басқа, маңызды стратегиялық құжат – Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды, оның аясында сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн-ға дейін жеткізу және жұмыспен қамту құрылымын жақсарту жоспарланған. Ол 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту бойынша негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайды", – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ Көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы және 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы сияқты маңызды стратегиялық құжаттар қабылданды. Соңғысында 4 негізгі бағыт көзделген: тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру.

"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен қамтылған адамдарды әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.

Арнаулы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді, бірақ оны алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналыспауы керек. Бұл ретте жұмыскер жеңіл жұмыста жұмысын жалғастыра алады, содан кейін ол жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады", – деді Жақыпова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу