2024 жылы қазақстандықтарға республикалық бюджеттен 3,7 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның 1 трлн 182,3 млрд теңгесі базалық зейнетақы төлеуге, 2 трлн 569,8 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақы төлеуге жұмсалды.
"2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 451 мың адам. 2024 жылғы желтоқсанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 356 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 88 819 теңге, базалық зейнетақы – 42 537 теңге", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2 пайызға оза отырып ұлғайтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
"Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгеге жетті. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады", – делінген хабарламада.