Былтыр Жамбылдағы дүнген жастарының 38-і әскерге барды

1206

Бұл көрсеткіш 2019 жылы 27 болатын. Яғни, 30 пайызға артқан

Былтыр Жамбылдағы дүнген жастарының 38-і әскерге барды Фото: inbusiness.kz

Бір жыл бұрын орын алған Қордай оқиғасы көпшіліктің есінен шыға қойған жоқ. Бұл жаппай төбелес кезінде оннан астам адам өлімі орын алып, біршама кәсіпкерлік нысандары, жекеменшік мүліктер зақымданған болатын. Сол тұста дүнген ұлтының азаматтары әскерге бармайтындығы туралы айтылған, деп жазады  inbusiness.kz.

Төтенше оқиға орын алған аудандағы Сортөбе ауылының тұрғыны Фатик Харсанның ұлы Алим Харсан әскер қатарына былтыр шақырылған. Әкесінің сөзінше, ұлы Отан алдындағы борышын өтеуге ерікті түрде аттанған.

"Баламның жасы жиырма бірде. Әскерге өз еркімен сұранып кетті. Мұндағы қақтығысқа дейін де ол әскерге баратындығын айтып жүрген еді. Мектеп қабырғасын тәмамдаған соң, арнаулы орта оқу орнында білім алды. Содан кейін Қытай мемлекетіне барып, тіл үйреніп келді. Елге келген соң, отбасымызбен ойлана келе, әскерге жібердік. Үш ұлымның ішінде бірінші болып Алимім сапқа тұрды. Қазір Петропавл қаласындағы "Ұлттық ұлан" сарбаздарының қатарында. Менің жас кезімде дүнгендерді әскерге шақырған жоқ. Егер шақырса, мен де міндетті түрде азаматтық борышымды өтер едім", – дейді Фатик.

Ал Леджер Сыровтың ұлы Мохаммед Сыров Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы әскери бөлімде екен. Ол да "Ұлттық ұлан" сапында Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Үш айдан соң, ауылына оралады.

"Ұлыма әскери бөлімде қалып, келісімшарт негізінде әскери қызметіңді жалғастыр деп ақыл айтып отырмын. Өйткені, онымен күнделікті сөйлесемін, ондағы жағдайы мен әскери тәртіпке көңілім тояды. Мохаммедтен бөлек, ауылдың тағы 5 баласы сол әскери бөлімде. Барлығы да әскери өмірлерінің ойдағыдай өтіп жатқанына риза", – дейді Леджер Сыров.

Жалпы Қордай ауданындағы ауылдық аймақтардан әскерде жүрген 50-ден аса дүнген ұлтты азаматтың жағдайлары жақсы екенін ата-аналары айтып отыр.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу