Бұл күн кәсіби мереке ретінде адам өмірін сақтап қалу жолында тәулік бойы жедел әрекет ететін мамандардың еңбегін айшықтайды, деп жазады inbusiness.kz сайты Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
2025 жылдың өзінде Қазақстанның жедел медициналық жәрдем қызметі 8 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетсе, осы жылдың үш айында бұл көрсеткіш шамамен 1,8 млн-ды құрады.
Жедел медициналық жәрдем қызметі денсаулық сақтау жүйесінің негізгі әрі аса жауапты буындарының бірі болып табылады. Дәл осы қызметтің бригадалары шақыртуға бірінші болып жетіп, пациенттердің өміріне қауіп төнген сыни жағдайларда жедел әрі білікті медициналық көмек көрсетеді. Мұндай сәттерде әр минуттың маңызы зор.
"Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі 20 дербес станциядан, 93 қалалық кіші станциядан және 189 аудандық бөлімшеден тұрады. Олар халыққа тәулік бойы үздіксіз және уақытылы шұғыл көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Қызметтің жұмысын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы үйлестіреді", – деп хабарлайды министрлік.
Облыстық және қалалық станцияларда бір ауысымда 1 652 көшпелі бригада, оның ішінде 16%-ы дәрігерлік, 84%-ы фельдшерлік бригадалар жұмыс істейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жедел жәрдем бригадаларының қатысуымен ауруханаға дейінгі өлім көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеді. Сонымен қатар сәтті реанимация көрсеткіші 7,9%-ға артты. Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі халыққа шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.
Соңғы жылдары бұл қызметті жаңғыртуға, автопаркті жаңартуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.