Былтыр Жетісу облысында 140 млн жуық жолаушы тасымалданды

422

Қоғамдық көлік жұмысының қорытындысы бойынша Жетісу облысында өткен жылы автомобиль көлігімен 139,4 млн. жолаушы тасымалданған.  

Былтыр Жетісу облысында 140 млн жуық жолаушы тасымалданды Фото: gov.kz

Қаңтар айының ортасында Көксу ауданының орталығын елді мекендермен жалғайтын бірнеше бағыттағы жолаушы тасымалы жолға қойылып, Балпық би ауылының ішіндегі қоғамдық көлік қатынастары жаңа бағыттармен толықты, деп жазады inbusiness.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ күні кеше Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында екі бағыттағы маршрут іске қосылды.

Көксу аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Балпық биден Алматы, Талдықорған, Жаркент, Үштөбе қалаларына қатынайтын автобустардан бөлек, ауданның өз ішінде іске қосылған бағыттар 16 елді мекенді, яғни 47 % қамтып отыр. Бұл бағыттарда негізінен "Ақ Нар-А" ЖШС қызмет көрсетуде. Жуырда жолаушы тасымалы қызметіне "Даутов" ЖК да қосылды. Ал аудан орталығының ішінде "Гимиджиев" ЖК шағын автобустары өз қызметін ұсынып отыр.

Ал Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылының ішінде өткен жылдың қараша айында алғаш рет қоғамдық көлік қатынасы қолға алынған болатын. Осы жылдың қаңтар айының басында екінші бағыт іске қосылды.

Кербұлақ аудандық әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, аудандық ТҮКШ бөлімі мен тұрғын үй инспекциясы "Жеңіс" жеке кәсіпкерімен келісімшарт жасасып, соның нәтижесінде тұрғындардың ауыл ішінде діттеген жеріне қиналмай жетуіне жағдай жасалып отыр. Оған қоса жаңа шағынаудан тұрғындарының да орталыққа қатынауы жеңілдеген.

Қазір Сарыөзек ауылында жалпы саны 5 көлік жолаушы тасымалына қызмет көрсетуде. Қоғамдық көлікте оқушылар тегін жүреді, ал ересектер үшін жолақысы – 80 теңге.

Жалпы, Жетісу облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірдің маршруттық желісі 75 автобус бағытын қамтиды (6 облысаралық бағыт, 22 облысішілік бағыт, 40 ауданішілік (қалаішілік) бағыт, 7 қала маңындағы бағыт) 18 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді, 342 жылжымалы құрам тартылған. 2022 жылғы қоғамдық көлік жұмысының қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен 139,4 млн. жолаушы тасымалданды, ал жолаушылар айналымы 1566,3 млн. жолаушы-шақырымды құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу