"Былтыр жұбайынан, биыл ұлынан айырылды": Шымкентте көз жұмған жігіт белгілі бапкердің ұлы екені анықталды

207

Полиция күдіктілерді ұстады.  

"Былтыр жұбайынан, биыл ұлынан айырылды": Шымкентте көз жұмған жігіт белгілі бапкердің ұлы екені анықталды Фото: instagram/bekzatzhassiya

Жақында Шымкентте жол үстіндегі төбелес соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.

Жанжал кезінде қаза тапқан жігіттің бірі белгілі бапкер Александр Колесниковтың ұлы екені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болды. Жол-көлік оқиғасының соңы жаппай төбелеске ұласып, салдарынан 40 жастағы Василий Колесников қаза тапты. Ол белгілі бапкер Александр Колесниковтың ұлы екені белгілі болды.

Қара жамылған отбасының қайғысы мұнымен бітпейді. Бапкердің айтуынша, олар бұдан бір жыл бұрын отанасынан айырылған, енді үйдің тірегі болған ұлынан көз жазып отыр.

Әкесі бұл ауыр хабарды кіші балаларынан жасыруға мәжбүр.

"Ұлымның орны ойсырап қалды. Бір жыл бұрын әйелімнен айырылып қалған едім, енді ұлым жоқ. Төрт ұлым бар, енді үшеуі қалды. Кішілерге айтпадым, көлік апатынан қаза тапты дедім. Ал шынында пышақтан, кісі қолынан қаза тапты. Орны ойсырап тұр. Ұлым ислам дінін қабылдаған, адамдарға әрдайым көмектесуге асығып тұратын", – деді әкесі.

Шымкент қаласының Полиция департаменті адам өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша 4 күдікті ұсталғанын хабарлады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

"20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақаттарынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді. Аталған жайт бойынша "адам өлтіру", "бұзақылық" және "адамды ұрлау" баптарымен қылмыстық іс қозғалды.

Күдіктілерді анықтап, ұстау мақсатында Полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде", – деп хабарлады полиция.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу