Себебі, Үкімет ұсынған шараларда бюджетті Ұлттық қордан қаржы алмай-ақ толықтыру мүмкіндігі бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл тақырыпқа байланысты қосымша баяндама оқылғанын айта келе, бірқатар кемшілікке тоқталды.
– Жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және үдерістерді цифрландыру үшін инвестор қаржысын тарту қажет екені түсінікті. Бір жағынан мемлекет те экономикаға салынатын инвестиция көлемін ұлғайта береді. Сондықтан Үкімет барлық қаржыны басты басымдықтарға сай бөлуі керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюджет қағидатының бірі.
Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда, шын мәнінде, бұл жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруі тиіс, – деді ол.
Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік бермек. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру қажеттігі бар. Сол себепті Президент жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеуді және қысқа мерзімде қабылдау керегін айтты.
– Мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор. Тіпті, ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс.
Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қаржыландырылуы тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына мүлдем жол беруге болмайды, – деп сөзін жалғады Мемлекет басшысы.