Бюджет саласының мамандары үшін шағын пәтерлер салынады

974

Пәтер беруде алдымен еңбек өтілі бар мамандарға назар аударылады. 

Бюджет саласының мамандары үшін шағын пәтерлер салынады

Қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин жаңа жатақхананы пайдалануға беру мерзімін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Біз ол жатақхананы әлі тапсырған жоқпыз. Жақын арада оны пайдалануға беріп, мұғалімдерді орналастыруды көздейміз. Ол жерде шамамен 300 орын бар. Меніңше, алдағы бір-екі айдың ішінде жаңа жатақхананы пайдалануға беретін боламыз", – деді Әнуар Жанғозин агенттікке берген сұхбатында.

Оның айтуынша, жаңа жатақхананың орындарын тарату кезінде маңызды мамандықтарға басымдық беріледі.

"Сосын ол отбасылық типтегі жатақхана емес. Жеке-жеке адамдарға арналған. Сондықтан жас мұғалімдердің тарапынан сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Бәлкім, оқуды енді аяқтаған, я болмаса, елордаға енді көшіп келген мамандар үшін бұл жақсы қолдау болады", – деп атап көрсетті Ә.Жанғозин. 

Айта кетейік, білім басқармасының басшысы жаңа жатақхана туралы өткен жылдың тамыз айында айтқан болатын. Аталған құрылыс нысаны 188 көшенің бойында (Сейфуллин көшесінің басында) орналасқан. Сол жерге әкімдік біліктілігі жоғары әрі тәжірибесі бар мұғалімдерді орналастыруды көздейді. Себебі дәл сондай мамандар елорданың білім беру саласын дамытуға өз үлестерін қоса алады.

"Бұдан бөлек, біз аймақтардан келетін мамандарға xостелдерді ұсынамыз. Ол жерде бір жатын орынның бағасы 35 000  –  45 000 мың теңгенің айналасында. Негізі, ондай жерлерде де жақсы жағдай жасалған", – деген еді Әнуар Жанғозин.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта бюджет саласының мамандары үшін шағын пәтерлерді салу жоспарланып отыр.

"Астанаға жыл сайын аймақтардан 400-500 мұғалім келеді. Олардың барлығы жалғыз емес, отбасылары бар. Әрине, бәрін жатақxанамен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сол себепті әзірше тек үздіктерге ғана жатақxана береміз. Мәселен, университет түлегі болса, оның жетістіктері мен тағылымдамасы ескеріледі. Әлбетте, еңбек өтілі бар мамандарға да баса назар аударылады", – деп атап көрсетті Әнуар Жанғозин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу