Бюджетке салық есебінен 7 538,2 млрд теңге түсті

985

Бұл белгіленген жоспардан 274,5 млрд теңгеге жоғары.

Бюджетке салық есебінен 7 538,2 млрд теңге түсті

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мемлекеттік бюджетке салықтық түсімдер бойынша жоспар 103,8% орындалып, 7 538,2 млрд теңге түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап. 

Жоспар 7 263,7 млрд теңге шамасында болса, ал түскен сома 274,5 млрд теңгеге жоғары. Бұл былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 30,8%-ға немесе 1 775,7 млрд теңгеге көп. Оның ішінде:

- республикалық бюджет 100,4% орындалып, 4 920,6 млрд теңге түсті. Айта кету керек жоспар бойынша 4 898,9 млрд теңге болған, ал шынайы көрсеткіш 21,6 млрд теңгеге жоғары болды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,6%-ға немесе 1 319,2 млрд теңгеге көп; 
- жергілікті бюджет 110,7% орындалып (жоспар бойынша 2 364,8 млрд теңге, жоспардан 252,9 млрд теңгеге ауытқумен 2 617,7 млрд теңге түсті), 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21,1%-ға немесе 456,5 млрд теңгеге өсті.

2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда республикалық бюджетке ең көп түсімдердің өсуі мұнайға салынатын экспорттық кеден баждарынан 352,5 млрд теңгеге немесе 1,9 есе, корпоративті табыс салығы 390,8 млрд теңгеге немесе 44,9%-ға, ЕАЭО елдерінен импортқа қосылған құн салығы 171,5 млрд теңгеге немесе 36,6%-ға, үшінші елдерден импортқа қосылған құн салығы 105,2 млрд теңгеге немесе 22,7%-ға және пайдалы қазбалардың өндірісіне салынатын салығы 103,7 млрд теңгеге немесе 46,8%-ға өскені байқалады.

Түсімдердің өсуіне бірнеше фактор әсер етті.

"Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың 9 айында негізгі экспорттық позицияларға бағаның өсуі байқалады, оның ішінде мұнайға 64,5%-ға, мысқа 57,3%-ға, алюминийге 44,2%-ға, мырышқа 34,0%-ға, күміске 33,8%-ға, қорғасынға 19,7%-ға және алтынға 3,8%-ға. Доллар бағамы 1 теңгеге 3,9%-ға өсті. Мұнайға салынатын экспорттық кедендік баждар 24,3%-ға өсті", – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті. 

Ескерте кететіні, 2020 жылдың 9 айында 1 тонна мұнайға кедендік баждың орташа мөлшерлемесі 37,2 доллар, 2021 жылдың 9 айында 1 тоннаға 61,5 долларды құрады. 
Үшінші елдермен тауар айналымы 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 8,2%-ға өсті. Атап айтқанда, экспорт 18,2%-ға өсті, импорт 9,3%-ға төмендеді. 

2021 жылдың 9 айында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тауар айналымы 28,7%-ға артты. Яғни 63 917 млрд теңгеден бастап 82 293 млрд теңгеге дейін.

Қосылған құн салығы түсімінің 40%-ын құрайтын ірі салық төлеушілердің тауар айналымы 18,4%-ға жоғарылады.

Көрсетілген кезеңге бір салық төлеушіге онлайн бақылау-касса машинасынан орташа түсімі 11,8%-ға көбейген, яғни 33,4 млн теңгеден 37,4 млн теңгеге дейін.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу