Бюджетке түсетін салмақты азайту үшін және "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында автожолдарды күтіп ұстау мәселесін қамтамасыз ету мақсатында ақы алу жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы парламентінің мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
"Атап айтқанда, жалпы ұзақтығы 469 шақырым болатын "Астана-Теміртау", "Алматы-Қапшағай" және "Алматы-Қорғас" учаскелерінде ақы алу жүйелерін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзақтығы 5,5 мың шақырым болатын 13 учаскеге ақы алу жүйесін орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары аяқталады. Оның ішінде "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәлізі де бар", - дейді министр.
Сондай-ақ, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын (ААӨҚ) ұйымдастыру бойынша белгіленген жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 12 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары бар.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелеріне ақы алу жүйесін енгізу аясында тағы 11 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын іске қосу жоспарланып отыр. 2019-2020 жылдары ақылы жолдар мен шекара маңында өткізу бекеттеріне 34 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы орнатылатын болады.
Бүгінгі таңда республикалық жол желілерінде 1 859 жол бойында қызмет көрсету нысаны бар. Олардың 42% немесе 780-і Ұлттық стандартқа сай келеді. Жыл аяғына дейін 70 нысанды стандартқа сай келтіру жоспарланып отыр.
Биыл жергілікті жолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 145,9 млрд теңге бөлініпті. 2017 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 58,9 млрд теңгеге ұлғайған (2017 ж – 87 млрд тг.).