Бюджетте жоғары лауазымды делегацияны қабылдауға қаржы қарастырылады – Әбілқайыр Сқақов

560

Павлодар облысының әкімі шенеуніктерді қарсы алуға қатысты шығындар бойынша түсініктеме берді.  

Бюджетте жоғары лауазымды делегацияны қабылдауға қаржы қарастырылады – Әбілқайыр Сқақов

Осы айдың басында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімінің екі қызметкері кәсіпкерлерден қаржы жинағаны үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Содан соң қала басшысының бұрынғы орынбасары Бауыржан Ахметов мердігер компаниялардан жиналған қаражаттың барлығы бұрынғы Үкімет басшысы Асқар Мамин, Сенаттың экс-спикері Дариға Назарбаева сынды жоғары лауазымды меймандарды қарсы алуға жұмсалғанын айтқан бейнежазбасы әлеуметтік желілерде таралды. Қылмыстық іс құжаттарында да қомақты соманың резиденцияны әрлеу, делегацияның мейрамханадағы тамағын төлеу, гүл сатып алу сынды бағыттарға жұмсалғаны көрсетілген. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бұған қатысты түсініктеме берді. 

"Мемлекеттік қызметшілер іссапарға шыққан уақытта тамағы, жатын орны сынды шығындар жұмыс орнынан төленетін тиісті сома есебінен өтеледі. Сол сияқты шетелдік, жоғары лауазымды делегацияларды қарсы алуға бюджетте қаржы қарастырылады. Бұл заңда анық көрсетілген. Бұл жерде мәселе сол заң талаптарын кімнің және қалай орындауында болып отыр", – деді Әбілқайыр Сқақов. 

Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес, орынбасары жемқорлық бойынша сотталса, басшысы да жұмыстан кетуге тиіс. Алайда аймақтың басшысы Бауыржан Ахметов пен екі мемлекеттік қызметшіге қатысты сот шешімі заңды күшіне енбегенін алға тартып, Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың қызметтен босатылуына қатысты шешімнің әзірше қабылданбағанын айтты. 

"Сот шешімі заңды күшіне енген соң менің тарапымнан тиісті шешім қабылданатын болады. Бұл туралы ақпарат құралдары арқылы біле жатарсыздар", – деп қысқа қайырды облыстың әкімі. 

Сонымен қатар Әбілқайыр Сқақов мәдениет басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын растады. Бұған дейін басқарманың басшысы пара алды деген күдікке ілінген болатын. 

Құндыз Қабылденова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу