Бюджеттен бөлінген ақша халықтың жағдайын жақсартуға жұмсалады

1061

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 3 жылдық бюджетте әлеуметтік шығысқа қанша қаражат қарастырылғанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бюджеттен бөлінген ақша халықтың жағдайын жақсартуға жұмсалады

"Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін бюджеттің әлеуметтік шығыс көлемі ұлғайтылып жатыр. Осы бағыт бойынша 3 жылдық кезеңдегі шығыс – 26,8 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 2022 жылы – 8,1 трлн теңге жұмсау жоспарланған", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің мәлімдеуінше, әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 13,4 трлн теңге бөлінеді. Көрсетілген қаражаттың 4,3 трлн теңгесі келесі жылы жұмсалады. 

"Денсаулық сақтауға арналған шығыс 2022-2024 жылдары 5,7 трлн теңгені, оның ішінде келесі жылы 1,8 трлн теңгені құрайды. Осы қаражаттың белгілі бір бөлігі медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіруге бағытталады. Білім және ғылымды дамытуға бюджеттен 7 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңге көзделген", – деді министр. 

Оның айтуынша, бюджет шығысының едәуір бөлігі экономиканың нақты салаларын қолдауға арналады. 

"Үш жылдық кезеңде осы мақсатқа 3,6 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға – 2 трлн теңге қарастырылған. Бюджет қаражатын көлік инфрақұрылымын дамыту, халықты әлеуметтік тұрғын үймен, таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету, бизнесті қолдау сынды шараларға жұмсау жоспарланған. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен құқық тәртібін қамтамасыз етуге үш жылға 4,5 трлн теңге, ал 2022 жылға 1,7 трлн теңге көзделген", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу