Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы алдағы үш жылдық бюджеттен жойылған тиімсіз шығындар туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы жылдары шығындар қатарынан форумдар мен түрлі семинарларға жұмсалатын қаражатты көрмейсіздер. Бұған дейін Қаржы министрлігі шығындарды қалай жоспарлады? Мемлекеттік органдар бізге келіп, қалам, қағаз және басқа да кеңсе тауарларына өтінім беретін. Әрбір өтінім бойынша бізге үш коммерциялық ұсыныс келетін. Кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету үшін осыншама қағазбастылық болған", – деді Қаржы вице-министрі Құрылтайда өткен брифингте.
Белгілі болғандай, ведомство арнайы нормативтер белгілеген.
"Яғни бір адамға нақты қанша қаражат қажет екенін есептедік. Енді осы шығындарды орташа деңгейге келтіру үшін норматив белгіледік. Қазір әр адамға 8 АЕК көзделген", – деп атап өтті вице-министр.
Оның айтуынша, мемлекеттік органның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет базалық шығындар бар.
"Біз бес жылдағы шығыстарды қарап, оларды талдадық. Нәтижесінде биыл 44 млрд теңге оңтайландырдық", – деді ол.