Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғысы салынатынын мәлімдеді.
"Еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және жаңғырту жобаларын іске асыруға дайындық жүргізіп жатырмыз. Халықаралық қаржы ұйымдарынан шамамен 330 млрд теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаражат тартатын болдық", – деді министр.
Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Балқаш, Жаңатас, Жезқазған, Сәтбаев, Степногорск қалаларында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу мен қайта қалпына келтіру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.
Жоба 40 млрд теңге мөлшеріндегі "Азия даму банкі" қарызы есебінен жүзеге асырылады.
"Ақтөбе, Аягөз, Қапшағай, Қарағанды, Пришахтинск, Риддер қалалары бойынша да техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Құны шамамен 90 млрд теңге болатын жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен іске асыру көзделіп отыр. Пандемияға байланысты жоба 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына ауыстырылды", – деді министр.
Қанат Махамбет