Бюджетті ысырап қылмаңдар: Халықаралық валюта қоры қазақстанға ескерту жасады

548

Бюджеттің ақшасын босқа шашып, ысырап қылмаңдар. Халықаралық валюта қоры осындай сыңайда Қазақстанға ескерту жасады. 

Бюджетті ысырап қылмаңдар: Халықаралық валюта қоры қазақстанға ескерту жасады Фото: baq.kz

Себебі, әлемде әлі жағдай тұрақталмады. Сондықтан билікке босаңсуға негіз жоқ. Десе де Үкімет жыл жақсы басталды,- деп есеп берді бүгін. Баяндамаларына қарағанда, Ұлттық қорымыз толығып, халықаралық резерв көбейіп, зейнетақы активі өскен. Смайлов қоластындағыларына жыл соңына дейін осы қарқынды ұстап тұруға пәрмен берді. Сол арада, кей министрге ескерту де жасап үлгерді. Себебі олар бөлінген қаржыны уақытылы игере алмай отыр.

Бір ай бұрын келген министрлер бюджетті игере алмай жатыр 

Бір ай бұрын министрдің креслосына қонжиған шенеуніктер бөлінген бюджетті игере алмай жатыр. Мәдениет және спорт басшысы Асхат Оралов, Экология министрі Зульфия Сүлейменова дер кезінде қойылған талапты орындамаған. Бұлардың қатарында тәжірибесі көптеу денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен Ақпарат жетекшісі Дархан Қыдырәлі де бар.

"Республикалық бюджет бойынша 1,5 трлн теңге соммасында шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 84 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 13 млрд үнемдеу болса, игерілмегені 71 млрд теңге", деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Осылайша 71 млрд теңге жұмсалмай қалды. Жамаубаев оның түрлі себебі бар деп түсіндірді. 

Сөзінше, келісу рәсімдері ұзақ жүргізіледі. Төлем құжаттары жоқ немесе ұсынылмайды. Бюджеттік бағдарламаны іске асыру бойынша нормативтік құқықтық актілер уақыты қабылданбайды. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстың шот фактурасы да дер кезінде ұсынылмайды. 

Сарапшылар болса, жылдағы әдет осы. Министрлер нақты жоспар жасау білмейді,- деп сөкті. 

"Мысалы кейбір кезде мынандай жағдайлар кездесіп жатады. Бір министрлік алдыңғы жылғыны көшіріп, бағаларына индексация жасап 10-15 пайызға жоғарлатып, соны бере салады. Негізі игерілмеуінің себебі осы. Жалпы шығындарға қатысты мемлекеттік аудит жүргізу керек. Екінші проблема келісім жасау, тендер ойнату. Оған байланысты көптеген ісшаралар жасалып жатыр", деді Экономист Оразбек Мырзақұл. 

Бюджетті ысырап қылмаңдар: халықаралық валюта қоры қазақстанға ескерту жасады 

Жалпы бюджет ақшасын ысырап қылмай, жөнді жұмсаған жөн. Халықаралық валюта қоры Қазақстанға осылай деп ескерту жасады. Себебі әлемде жағдай әлі толық тұрақталған жоқ. 

"Инфляция проблемаларының сақталуына байланысты Халықаралық Валюта Қоры бюджеттік шығыстардың өсуін алдын-алуды ескертеді, себебі ол қазіргі жағдайда инфляцияны одан әрі арттыруы мүмкін", деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.

Соңғы 1 айда елімізде инфлация 20 пайыздан асты. Бұған негізі азық түлік бағасының қымбаттауы себеп. Сондай-ақ, импорттық тауарларға сұраныс жоғары және олардың да құны аспандап кеткен. Кредиттің көптеп берілуі де инфлацияның өсуіне ықпал етуде. Сондықтан базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстай тұрған абзал,- дейді ұлттық банк. Ал Үкімет басшысы жыл аяғына дейін жағдайды оңалту қажеттігін ескертті. 

"Алдымызда тұрған басты міндет жыл қорытындысы бойынша инфлацияны екі есе төмендетіп, яғни 9,5 пайызға дейін төмендетуіміз қажет. Бұл үшін қажетті құралдардың бәрі бар", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов. 

Мәселен қаңтарда ел экономикасы 5,6 пайызға өсті. Мемлекеттік бюджетке шамамен 1,5 трлн теңге кіріс түсіп, жоспар 144 пайызға орындалды. Ұлттық қор 1,9 млрд теңгемен толықты. Халықаралық резерв 3,5 млрд долларға өсті. 

Соңғы 8 аймен салыстырғанда алғаш рет іскерлік белсенділік жақсара бастады. Смайылов осы қарқынды ұлғайтуға шақырды. Сондай ақ халықтың әл ауқатын жақсарту қажеттігін тағы бір еске салды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу