Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитеті мен оның аумақтық құрылымдарының лауазымды тұлғалары жүйелі түрде пара алып, фармацевтикалық компаниялардың мүддесін қорғағаны үшін ұсталды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі.
Ұлттық бюроның хабарлауынша, 3 шілде жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам мөлшерде бірнеше мәрте пара алған Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Пак Л.Ю., Павлодар облысы бойынша фармация департаментінің басшысы Қажинова З.Ш., Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша фармация комитетінің бас маманы Имамходжаев П.Т., Фармация комитетінің бас сарапшысы Ибраева Д.К. ұсталды.
Бұл адамдар өндірістік және дистрибьютерлік тәжірибе сертификатын бергені үшін заңсыз сыйақы алып отырған.
Бұдан бөлек, "Зерде" ҒӨБ" ЖШС атқарушы директоры Жүзбаева Э.М. пара бергені үшін ұсталды.
"Сонымен бірге аталған лауазымды тұлғалар пара алумен қатар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында сатып алынатын медициналық препараттардың құнын көтеру арқылы бюджеттік қаржыны жымқырды деп айыпталып отыр", — деп хабарлайды Ұлттық бюро.
Сот санкциясымен Пак, Қажинова, Имамходжаев және Жүзбаева тұтқындалып, Ибраева үйқамаққа алынды.