Астанада ТҚЖБ салымшылары тұрғын үй сертификаттары бойынша алғашқы заемдарды алды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
"2019 жылы Астана әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі дәрігерлерді, мұғалімдерді және полицейлерді қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады. Астанада билік өкілдері осы мақсаттарға 2 млрд теңге бөлуді және бюджеттік саланың 2 000 қызметкерін тұрғын үй сертификаттарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл жағдай олардың 20%-ды құрайтын ең төменгі бастапқы жарнаға ақшаны жылдамырақ жинақтауына мүмкіндік береді. Содан кейін ҚТҚЖБ, жылдық 7% мөлшерлемесі бойынша, оны әрі қарай төмендетумен, кредит береді", – дейді ТҚЖБ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізімін Астана әкімдігі жасайды. Өтініш берген сәтте мұғалімдерде, дәрігерлерде және полицейлерде Астанада және оның маңында баспанасы болмауға тиіс. Сондай-ақ, үміткерлер мен олардың отбасы мүшелері қалада тұрақты тіркеуде болуға тиіс. Сонымен қатар олар ТҚЖБ салымшылары болуы керек, шоттарында салымы болуы шарт.
Астана әкімдігі төлем қабілеттілігін растау үшін іріктелген үміткерлердің дайын тізімін ҚТҚЖБ-ға жібереді. Содан соң үміткерлердің соңғы пулы жасалады және бір ай ішінде ақша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарға аударылады. Осыдан кейін әлеуметтік көмекті алушыға тұрғын үйді таңдауға және оны сатып алуға уақыт беріледі.