Бюджеттің 40 млн теңгесін жымқырған екі әйел сотталды

801

Олар 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бюджеттің 40 млн теңгесін жымқырған екі әйел сотталды

Павлодар облысындағы "Шаңырақ" мәдени ойын-сауық орталығының бұрынғы директоры мен кассирі мемлекеттік қаражатты жеке пайдасына жұмсағаны үшін жаза арқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, екі әйел 2017-2019 жылдар аралығында жалған құжаттар жасап, сол арқылы 40 млн теңгені қалтасына басқан. Бұл сома әнші, әртістердің іс жүзінде көрсетпеген қызметі үшін төленді деп көрсетіліп, мекеменің шотындағы бюджеттік қаражат олардың шоттарына аударылып отырған.

Бірақ айыпталушылар тағылған айыпты мойындаған жоқ. Бұған дейін үйқамақта болған күдіктілер сот залынан босатуды сұрады.

Алайда Павлодар қаласының №2 сотының судьясы Қуаныш Төлебаев екі әйелдің кінәсі толығымен дәлелденді деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

"Қылмыстық Кодекстің 189-бабы 4-бөлімі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Директор 58, ал кассир 59 жаста екенін, сондай-ақ айыпталушылардың келтірілген шығын көлемінің бір бөлігін қайтарғанын ескере отырып, жаза жеңілдетілді", - деді Қуаныш Төлебаев.

Сонымен қатар директор өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметті, кассир 10 жыл бойы материалдық жауапкершілігі бар жұмысты атқару құқығынан айырылды. Екі айыпталушы да сот залында тұтқынға алынды. Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу