2024 жылы республикалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы бастапқы жоспардан едәуір ауытқыды. Бұл туралы Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, 2024 жылы республикалық бюджеттің нақты тапшылығы бастапқы жоспардан асып, жыл қорытындысымен 3,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 2,7 пайызын құрады.
"2024 жылы республикалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы бастапқы жоспардан едәуір ауытқып, жыл қорытындысы бойынша 10,8 трлн теңгені құрап, бұл 10 жылдағы ең үлкен абсолюттік мөлшер болып отыр. Бұл мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының 2030 жылға қарай мұнайға қатысты емес бюджет тапшылығын бес пайызға дейін төмендету мақсатын орындауға күмән келтіріп отыр", - деді Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі.
Былтыр сыртқы қарыздарды тарту 5,7 есеге ұлғайып отыр, деді Нұрлан Нұржанов.
"Бұл стратегияның өзгергендігінің және валюталық тәуекелдердің ықтимал өсімін көрсетіп отыр. Мемлекеттік және үкіметтік борыш ЖІӨ-ге қатысты лимиттер шегінде қалғанымен, абсолютті мәнде әжептеуір өскенін көрсетті", - деді ЖАП мүшесі.