Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бюджет шығысын ұлғайту инфляцияға әсер етіп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі инфляцияда өте үлкен ішкі компонент бар. Бұл туралы айтуымыз керек. Осындай қиын кезеңдерде бюджеттің шығысын арттырып жатқанымыз сұранысты ынталандырады. Өз кезегінде ол бағаның көтерілуіне әкеледі. Яғни, біз бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайту арқылы инфляцияны ынталандырып отырмыз. Сондықтан да бағаны жалпы тұрақтандыру, стратегиялық саясатымыз шеңберінде шығыстарымызды бақылауда ұстауымыз маңызды. Бюджеттің шығысы артып жатыр. Одан бөлек монетарлық емес факторлар бар. Олар бойынша да бағаға қысым артады. Біз тарифтерді көтеруіміз қажет. Бұл өткен кезеңнен бізге қалған мұра", – деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, тарифтер бірнеше жыл бойы көтерілмегендіктен, энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық салалары күрделі жағдайда тұр.
"Осындай жағдайда инфляцияны қалай тежемекпіз? Пайыздық мөлшерлеме мен Қаржы министрлігі бағалы қағаздар арқылы нарықтан, яғни банктерден ақшаны алатын болады. Осылайша бағаны ұстап тұру үшін ақша массасын азайтамыз", – деді ол.
Сенат төрағасы монетарлық және фискалдық саясаттар арасындағы дисбаланс барын еске салды.
"Соңғы айлардағы трендті байқап отырмыз. Инфляция өз-өзінен төмендемейді. Себебі оның көтерілуіне әсер ететін үлкен факторлар бар. Сондықтан да мұнда Ұлттық банк пен Үкіметтің қаржы блогының үйлесімді әрекет етуі маңызды", –деді Мәулен Әшімбаев.