"Бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес": Тоқаев қазақстандықтарды референдумда дауыс беруге шақырды

314

Қазақстан халқы Конституция жобасын қолдаған жағдайда еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасады.      

"Бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес": Тоқаев қазақстандықтарды  референдумда дауыс беруге шақырды Фото: zakon.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді.

Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған.

Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар.

Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: "Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым" деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар.

Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады.

Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі.

Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді", – деді Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұсынылған Конституция жобасы қабылданса, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болады, сондай-ақ еліміздің бүкіл заң жүйесі жаңарады.

"Қазіргі Конституция бойынша Парламент Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады және мұндай жағдай осыған дейін бірнеше рет болған.

Ал, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар бойынша шешім тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады", – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу