Данияр Ақышев БЖЗҚ қаражатын басқарушы компанияларға беру ахуалы туралы айтты, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
2017 жылы Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтері қоржынының валюталық бөлігін Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін және Ұлттық банктің алтынвалюта активтерін басқару тәжірибесінің негізінде жаңаша стратегиялық бөлуді әзірледі. 2017 жылғы тамыздың соңында БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын қарау бойынша сенат отырысынан кейін, журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты.
Данияр Ақышевтың айтуынша, жаңаша бөлудің шеңберінде зейнетақы активтерін акциялардың жаһандық индексіне және шетелдік басқарушы компаниялар жүзеге асыратын облигациялар индексіне индекстік инвестициялауды қолдану жоспарлануда. БЖЗҚ-тың инвестициялық декларациясында үш индекс: құрамына дамыған елдерге жататын, капиталдануы жоғары және орташа компаниялардың акциялары кіретін акциялар индексі (MSCI World Index); "ВВ"-дан төмен емес рейтингтік бағасы бар дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарының индексі; дамыған және дамушы елдердің капиталдануы жоғары және "ВВВ-"-тан төмен емес рейтингтік бағасы бар эмитенттерінің корпоративтік бағалы қағаздарының индексі көзделген.
"Ұлттық банк зейнетақы активтерін инвестициялау үшін шетелдік басқарушы компанияларды таңдау бойынша жұмысты бастады. Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерінің 220,0 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі бөлігі сыртқы сенімгерлік басқаруға берілді, сондай-ақ "Жаһандық акциялар" активті мандаты және "Капиталдануы жоғары, АҚШ долларына номинирленген инвестициялық деңгейдегі жаһандық корпоративтік облигациялар" мандаты бойынша шетелдік басқарушы компанияларды іріктеу және БЖЗҚ зейнетақы активтерінің шетел валютасына номинирленген бөлігін беру бойынша қажетті рәсімдер жүзеге асырылуда", - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.