БЖЗҚ-дан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына зейнетақы төленеді

658

Сенатта "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды. 

БЖЗҚ-дан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына зейнетақы төленеді

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде әртүрлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Мысалы Беларусьта жинақтаушы зейнетақы жүйесі жоқ. Ал басқа елдерде жинақтаушы жүйесі әртүрлі. Зейнетақы жүйесін қаржыландыру және зейнетақы қаражатын бөлу тәсілдерінде де айырмашылық бар. Бұдан басқа зейнетақы жүйелері құрылымдық жағынан, яғни зейнет жасы, мөлшері, еңбек өтілі және басқа да параметрлер бойынша ерекшеленеді", – деді. 

Министрдің мәлімдеуінше, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірінде тұрақты тұратын шетелдік азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі шешілген. Жұмыс істеу мақсатында уақытша келген еңбекшілерге қатысты жағдай реттелмеген. Қабылданған заң еңбекшілердің зейнетақы саласындағы мәселесін реттеуге мүмкіндік береді. 

"Жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары мен еңбекшілердің тең құқығы қамтамасыз етіледі. Әр мемлекет өз аумағында жұмыс өтілі кезеңі үшін зейнетақы төлейді. Әрбір мүше мемлекет зейнетақы алу құқығын айқындап, оның мөлшерін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес есептейді. Қазақстан тарапынан келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган болып бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгіленеді", – деді Біржан Нұрымбетов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу