Атырау облысындағы стоматологиялық клиникалар бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Басқа өңірлерде де ондай қылмыстық істер болуы мүмкін. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жеңіс Елемесов бұл жерде әңгіме зейнетақы қорынан қаражатты заңсыз шешіп алуға қатысты болып отырғанын жеткізді.
"Мұнда БЖЗҚ жәбірленуші тарап болып отыр. Біз азаматтарға талап қойып отырған жоқпыз. Иә, олар өз ақшаларын уақытынан бұрын алып отыр. Ал ақшаны заңсыз шешумен айналысқан тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда бірқатар тұлғаға қатысты қамауда ұстау түріндегі шара белгіленді. Іс тергеліп жатыр", – деді Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында.
Қазір Атырау облысындағы стоматологиялық клиникалар бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатыр.
"Басқа өңірлерде де ондай қылмыстық істер болуы мүмкін. Маңғыстауда да осындай бір қылмыстық іс біздің өндірісімізде бар. Атырау бойынша 5 қылмыстық топ жұмыс істеген. 200 млрд теңгеден астам ақшаны қордан заңсыз алған. Қазіргі кезде 7 адамды қамауға алдық. Тағы бірнеше адам күдікке ілінді. Жақын арада олар бойынша да шешім қабылдаймыз", – деді ол.
Оның сөзінше, күдікке ілінгендердің дені жалған стоматологиялық клиника құрған адамдар.
Айта кету керек, бұған дейін ҚМА зейнетақы жинағына 1тіс емдеген1 күдіктілердің қымбат мүлкін көрсеткенін жазған едік.