БЖЗҚ қазақстандықтардың шоттарына 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды

563

Ел азаматтарының зейнетақы жинақтарын алу қарқыны төмендеп барады.   

БЖЗҚ қазақстандықтардың шоттарына 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды Фото: orda.kz

2022 жылдың 1 қарашасындағы деректерге сәйкес, жыл басынан бері тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 336 516 өтініш орындалған. БЖЗҚ қазақстандықтардың шоттарына 3,2 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 2,4 млн теңгені құрады, деп жазады inbusiness.kz Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына сілтеме жасап.

"Зейнетақы жинақтарын алу қарқыны төмендеп келеді. Мәселен, 2022 жылдың қазан айында 7,5 млрд теңге сомасына 2 993 өтініш орындалды. Салыстыру үшін, 2021 жылдың қазан айында 87,8 млрд теңге сомасына 35 434 өтініш орындалды", - деп жазылған хабарламада.

 

Ең көп орындалған өтініштер Алматы (17,61%), Астана (14%) қалалары және Маңғыстау облысында(10,33%) тіркелді.

Салымшылар өз жинақтарын тұрғын үй сатып алу, жеке тұрғын үй салу мақсатында жиі пайдаланған көрінеді (36%). Ал, өтініштердің 21%-дан астамы тұрғын үй құрылыс жинақтары бағдарламалары бойынша зейнетақы қаражатын пайдалануы үшін орындалған.

БЖЗҚ хабарлауынша, өтініштердің шамамен 20%-ы тұрғын үй сатып алуға (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде) ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті толық және ішінара өтеуге және оны қайта қаржыландыруға орындалды.

Уәкілетті операторлардан салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына 456,3 млрд теңге қаражат қайтарылған көрінеді. Оған азаматтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбауы және т.б. себеп болған.

"БЖЗҚ емделуге берілген 311,1 млрд. теңгеге 395 730 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,8 млн теңге. Ағымдағы жылдың қазан айында шамамен 3 млрд теңге сомасына 2 362 өтініш орындалды. Өтініштердің 96%-дан астамы қазақстандықтар өздерінің жинақтарын медициналық мақсаттарда стоматологиялық қызметтерге пайдаланады. Өтініштердің тек 2,8%-ы офтальмологиялық қызметтерді алу мақсатында орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1%-дан азы пайдаланылды", - делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек салымшылардың қордағы жеке зейнетақы шоттарына "Отбасы банкінен" 31,9 млрд теңге қайтарылды. Себебі бұл қаражат өтініш берушінің қалауы немесе өзге де себептер бойынша тиісті мерзімде пайдаланылмаған көрінеді.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу