БЖЗҚ меншікті активтерін басқаруды Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына берді

828

БЖЗҚ меншікті активтерін басқаруды Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына берді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтерін Ұлттық банктің басқаруына беру процесі аяқталды. Бұл туралы БЖЗҚ басқарма төрағасы Нұрбүбі Наурызбаева Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.

"Қор жұмысына қажетті көптеген ішкі нормативтік құжаттар қайта қаралды және жаңа редакцияда әзірленді. Сонымен қоса, Директорлар кеңесі жыл басында зейнетақы активтері сияқты БЖЗҚ меншікті активтерін басқаруды Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің сенімгерлік басқаруына беру туралы шешім қабылдады. БЖЗҚ меншікті активтерін Ұлттық банктің басқаруына беру процесі аяқталды", - деді басқарма төрағасы.

Оның сөзінше, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 6,99 трлн теңгені құрады, ал 2 маусымда 7 трлн теңгеден асқан. Осы жылдың бес айында зейнетақы жинақтары 310 млрд теңгеге ұлғайып, өсім 4,6 пайызды құраған. Сондай-ақ, ол салымшылардың зейнетақы активтеріне мемлекет кепілдік беретінін де тағы бір мәрте атап өтті.

"Біз салымшылар мен алушыларға зейнетақы активтері жан-жақты бақылауда болатындығын және олардың сақталуына, қайталап айтамын, мемлекет кепілдік беретінін түсіндіреміз. Сондай-ақ осы ақпаратты барлық салымшылар мен алушыларға дейін әрбір баспасөз конференцияларында, халықпен кездесулерде жеткізіп отырамыз", - деді ол сұхбатында.

Айта кетейік, осыған дейін БЖЗҚ-ның 71,3 млрд теңгесі немесе 200 млн доллар Әзербайжан халықаралық банкінің облигациялары үшін салынғанын айтқан болатынбыз.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Әзербайжанның халықаралық банкі елдегі валюталық дағдарыс пен валютаның жетіспеушілігіне байланысты сыртқы қарыздарын төлеуді тоқтатқан. Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Әзербайжан халықаралық банкіне инвестицияланған 71,3 млд теңгеге қатысты жағдайды түсіндіру кезінде  "бұл қаржыны проблемалы банкке Ұлттық банктің бұрынғы қызметкерлері инвестициялаған" деген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу