2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы жинағының жалпы сомасы 7,4 трлн теңгеден асты. Шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны – 10,1 млн бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,63 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 432 мың бірлікті құрады. Бұл туралы "БЖЗҚ" АҚ Астана қаласындағы филиалының директоры – басқарушы директоры Мұрат Тұрсынұлы Шарипов айтты, деп хабарлайды elorda.info.
Айта кетелік, зиянды еңбек жағдайлары бар барлық ірі мемлекеттік өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ұйымдар осы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлейді.
Бұл жерден біз жұмыс берушілердің өз жұмыскерлерімен бірге зейнетақымен қамсыздандыру бойынша жауапкершілікті теңдей бөлісетінін көріп отырмыз.
Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жағдай көп жылдан бері өзгеріссіз қалуда.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша осы жарналар бойынша зейнетақы шотының жалпы саны 40 мыңдай бірлікті құрады. Дегенмен ерікті зейнетақы жарналары – зейнетақы жинақтарын толықтырудың бір жолы.
Сонымен қатар, салымшылар үшін маңызды көрсеткіштердің бірі – ол инвестициялық табыс. 2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 398,57 млрд теңге болды.
Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активінің табыстылығы жыл басынан бері 5,78 пайызды құрады. Бұл инфляция деңгейінен 1,9 пайызға жоғары (инфляция 3,9 пайыз болды).
2017 жылғы 1 қыркүйектегі көрсеткіштері бойынша Астана қаласында жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 719051 бірлікті құрады. Олардағы жинақталған зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 716,3 миллиард теңгеге жетті.
Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен жеке зейнетақы шотының саны 703 155 бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 14 791 бірлікті құраса, ерікті зейнетақы жарналары бойынша 1105 бірлік болды.