Сот мәліметінше, М. диабет асқынуларын емдеу үшін медициналық орталыққа жүгінген және қызметтерге 420 мың теңге ақы төлеген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алайда одан жағдайы жақсармаған. Керісінше ауру асқынып, М. басқа медициналық орталыққа жүгінуге мәжбүр болған.
– Онда дәрігерлер алдыңғы сапасыз емдеудің салдарын жою кезінде оң аяғының саусағын ампутациялауға мәжбүр болған. Бұл оған физикалық азап пен елеулі моральдық зиян келтірді. Осыдан кейін М. төленген қаражаттың бір бөлігін қайтару және моральдық зиянды өтеу талабымен сотқа жүгінді, – деп хабарлады Алматы аудандық соты.
Сот анықталған мән-жайларды ескере отырып, М.-нің талап арызын қанағаттандырып, медициналық орталықтан 120 000 теңге материалдық және 500 000 теңге моральдық зиянды өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.