Осыдан төрт ай бұрын цемент зауытында қайғылы оқиға орын алған болатын. Зауытта жұмыс істейтін 17 жастағы Илья Асанов көмір қышқыл газынан басы айналып, бункерге құлап кеткен. Күйіп қалған жасөспірім бір күн бойы ауруханада жатып, ес жимастан көз жұмған еді.
Колледжде оқып жүрген Илья Асанов жұмысқа әкесінің көмегімен тұрған. Сабағы қашықтан оқытуға ауыстырылғандықтан ата-анасына қолұшын бермек болыпты.
Еңбек инспекторлары тексере келе жасөспірімді қауіпті жұмысқа жеккен жұмыс беруші кінәлі деп таныды.
"Жұмыс беруші жұмыскерлердің қауіпті жұмыс түрін жасау кезінде қауіпсіздікті сақтауын жеткілікті деңгейде ұйымдастырмаған әрі қадағалау жүргізілмеген. Тексеріс нәтижесі бойынша құжаттар заңды орындар шара қолдануы үшін полиция бөліміне жіберілді", – деп хабарлады Еңбек инспекциясының баспасөз қызметі.
Еңбек инспекциясы жасөспірімді қауіпті жұмысқа заңсыз қабылдаған Ақтау цемент зауытына 180 мың теңге айыппұл салған. Марқұмның анасы Татьяна Асанованың пайымдауынша бүгінгі күні үш лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғағанның орнына тек зауыт шеберін ғана жауапкершілікке тартайын деп отыр.
Бауыр еті баласынан айрылып қара жамылған анаға цемент зауытының басшылығы "кәсіпорынға қоятын талабым жоқ" деген қағазға қол қойып бер деп соңынан қалмаған. Алайда Татьяна Асанова келіспепті.
"Тергеушінің өзі әлі күнге дейін маған маза бермей жүр, ол тіпті Ішкі істер басқармасы бастығы мен бірге келіп маған қағазға қол қой деп үгіттейді. Олар мені материалдық көмектен бас тартуым үшін қағазға қол қоюға итермеледі", – дейді марқұмның анасы Татьяна Асанова.
Полиция қызметі істің сотқа кеткенін айтып, сұхбат берген жоқ. Кісі өліміне алып келген еңбек қауіпсіздігін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған екен. Алайда прокуратура сотта жазықтыға екі жарым жыл шартты жаза беруін сұрапты. Бүгінгі таңда марқұмның анасы жазықтылар тиісті жазасын алмай, әділетсіздік орнай ма деп күмәнданады.
Арайлым Еркебаева