"Альфа БК Университет" ректоры, профессор Славко Вукша Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласымен танысып, құжатта елдің келешекте дамуына қажетті бағдарлар берілгенін айтты, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
"Қазақстан президентінің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру бойынша міндеттерді іске асырудың маңызды факторларының бірі ретінде білім беру мәселесіне ерекше мән беруі ғылым мен білім беру саласының өкілі ретінде менің ойымнан шықты", – дейді Славко Вукша.
Нұрсұлтан Назарбаев әрбір азамат өзінің күш-жігері, білім алуға деген құлшынысы, өзін-өзі дамыту арқылы алға қойған мақсатына қол жеткізе алатынын айтады. Қазір қарым-қатынастың заманауи технологияларын, шет тілдерін меңгеру міндетті талап болып отыр, осы арқылы әрбір адам тың ақпарат алып, басқалардың тәжірибесін үйренеді және алған білімі мен жинақтаған тәжірибесін өз елі үшін сарп етеді.
Профессор сондай-ақ "Болашақ" бағдарламасына қатысты пікірін айтты:
"Мен "Болашақ" бағдарламасын бірегей бағдарлама деп санаймын, соның арқасында мыңдаған Қазақстан азаматы әлемнің үздік университеттерінде білім алуға қол жеткізді. Әлемде осындай тиімді әдіс арқылы заман талабына сай, алған білімін практикада қолдана алатын мамандар даярлап отырған санаулы ғана ел бар".
Славко Вукшаның айтуынша, кез келген елдің өсіп-өркендеуіне жоғары білімі бар әрі қазіргі заман талабына тез бейімделетін адамдар қомақты үлес қосады. Әрбір адам білімге инвестиция салу, нәтижеге қол жеткізуге ұмтылыс жасау қоғамның дамуына ықпал етіп, өзінің сұраныстағы маман болуын қамтамасыз ететінін түсінуі қажет.
"Әлемге әйгілі серб ғалымы Никола Тесланың: "Шамаңа қарай әрекет жаса" деген мәтелді білесіз бе? Бұл – бос сөз. Адамның қолынан бәрі келеді" деген ұлағатты сөзімен бөліскім келеді", – деп қорытындылады ректор.