Жасанды интеллект саласындағы көшбасшы OpenAI компаниясы SpaceX-тен озып, әлемдегі ең қымбат стартапқа айналды.
Bloomberg пен Reuters дерегінше, ChatGPT әзірлеушісінің бағасы 500 миллиард долларға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұндай көрсеткішке OpenAI қызметкерлері шамамен 6,6 миллиард еуроға акцияларын сатқаннан кейін қол жеткізді. Инвесторлар қатарында Thrive Capital, SoftBank Group, Dragoneer Investment Group, MGX және T. Rowe Price бар.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында OpenAI шамамен 4,3 миллиард доллар табыс тапты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Компания ChatGPT-мен қатар сурет пен бейнені автоматты түрде жасайтын басқа да жасанды интеллект құралдарын ұсынады.
Бұған дейін әлемдегі ең қымбат жеке компания Илон Масктың SpaceX корпорациясы саналатын, оның құны 350 миллиард долларға бағаланған еді.