Прагада Чехияның "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселесі жөнінде кеңейтілген баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Чехия өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Владимир Бэртл Чехияның Қазақстан астанасында өтетін іс-шараға қатысуының маңыздылығын айтты, оның нәтижелері "жасыл" технологияларды жылдам енгізуге, қоршаған ортаны және жаһандық климатты тиімді қорғауға, адамдардың және болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ жаңартылатын және ресурс үнемдеу энергетикасын дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Қазақстан елшісі Сержан Әбдікәрімов Чехияның ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді дайындығына тоқталып, биылдан бастап Чехия азаматтары үшін визасыз режімнің енгізілуіне байланысты, Чехияның қалың жұртшылығы мен іскерлік топтарын көрмеге және Қазақстанның басқа да тартымды туристік жерлерін көруге шақырды.
Чехияның ЭКСПО бойынша комиссары Ян Крс және "Артео" компаниясының директоры Богумил Бохняк чехиялық павильонның инновациялық-мазмұндық толтырылу процесі, көптеген ұйымдастыру-техникалық мәселені шешу туралы айтып, слайдтар көрсетті және жергілікті журналистердің сұрақтарына жауап берді.