Прага қаласындағы "Атлас" тарихи кинотеатрында Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінің және ҚР Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен қазақстандық кино күндері өтті. Фильм көрсетіліміне дипломатиялық корпус өкілдері, БАҚ, сондай-ақ Чехия қоғам қайраткерлері мен тұрғындары қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кинокөрсетілімде көрермендерге қазақстандық кинематографистердің екі жұмысы ұсынылды – "Патриоттар уақыты" (режиссер Серікбол Өтепбергенов), "Зере" (режиссер Дәурен Қамшыбаев).
Чехия Мәдениет министрлігінің халықаралық департаменты директоры Петр Хниздо өз сөзінде: "Казақстандық кино күндері - Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін бағалау үшін әріптестерімен және достарымен бірге жиналудың тамаша мүмкіндігі. Осындай маңызды іс-шараларды мүмкіндігінше жиі өткізу қажет деп сенемін, өйткені олар Қазақстан мен Чехия халықтарын жақындастыратын көпір болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстан-Чехия мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы мүлдем жаңа деңгейге шықты және біздің әлеуметтік жобаларымыздың маңызды бөлігіне айналды. Біз қазақ және чех мәдениетімен байланысты көптеген мәдени жобаларды қолдадық, мәдениет арқылы рухани байланыстарды қолдай отырып, болашақ ұрпақтың үйлесімді дамуына үлес қосуды жалғастырамыз", – деді.