Ел азаматтары сегіз үміткердің қайсысы Милош Земанның орнына Мемлекет басшысы болуға лайық екенін анықтауы керек, деп хабарлайды Inbusiness.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Негізгі үміткерлердің қатарында елдің бұрынғы премьер-министрі, жақында ғана алаяқтыққа қатысты іс бойынша ақталып шыққан Андрей Бабиш бар. Ол Прагада Украина бойынша "Бейбітшілік саммитін" өткізуді ұсынады.
Оған армия генералы әрі НАТО әскери комитетінің бұрынғы төрағасы Петр Павел және Брнодағы Мендель университетінің бұрынғы ректоры Дануш Нерудова бәсекелес болады. Соңғы әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, олардың әрқайсысы сайлаушылардың 26-27% қолдауына ие.
Барлық үміткерлер Чехияның халықаралық позициясын, оның экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін нығайтуға, әлеуметтік бағдарламалардың дамуы мен кеңеюіне ықпал етуге уәде береді. Олар Еуропалық Одақ пен НАТО-ға мүшеліктің маңыздылығын атап өтіп, Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптайды және Киевке жан-жақты көмек көрсетуді қолдайды.