Чехиялық кәсіпкер Алматы облысы, Шонжы ауылы маңында демалыс аймақтарын ашуға ниетті

491

Облыс әкімдігі жылу көздеріндегі су құрамына толық талдау жасауға дайын. 

Чехиялық кәсіпкер Алматы облысы, Шонжы ауылы маңында демалыс аймақтарын ашуға ниетті Фото: Almobl_akimat

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Чехияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рудольф Гиклді қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz облыс әкімдігінің телеграмм арнасында таратқан хабарламасына сілтеме жасап.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы екіжақты қатынастарды талқылады. Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында Академиялық қалашық құрылатынын және осы ауқымды жоба аясында аграрлық салада мамандар даярлау үшін Чехия Республикасының Жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды көздейтінін атап өтті.

Сондай-ақ тараптар облыс аумағының туристік әлеуетіне ерекше мән берді. "Марат Сұлтанғазиев елшіге Ұйғыр ауданындағы ыстық су базасында туризмді дамыту мәселесін пысықтауды ұсынды. Ол үшін облыс әкімдігі жылу көздеріндегі су құрамына толық талдау жасауға дайын екенін жеткізді. Алдағы уақытта Чехиялық кәсіпкер Шонжыда заманауи демалыс аймақтарын ашуға қызығушылық танытуы мүмкін", – делінген хабарламада. 

Чехия елшісі Рудольф Гикл Алматы облысының туристік көрікті жерлерін аралағанды, әсіресе  "Көлсай көлдері" ұлттық паркіне және Шарын шатқалына баруды жөн көреді екен.

 Чехия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастар 1993 жылдың 1 қаңтарында орнаған. 2021 жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 252,7 миллион АҚШ долларын құрады.

Сонымен қатар Чехияда 2,5 мың қазақстандық студент білім алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу