Черногорияда ұсталған NEF Qazaqstan басшысы елге қашан әкелінеді?

Тарык Волкан Оскайдың шетелде ұсталғаны ресми расталған.

Черногорияда ұсталған NEF Qazaqstan басшысы елге қашан әкелінеді? Фото: kazakistan.kz

Енді оның Қазақстанға қашан экстрадицияланатыны белгілі болмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Іздеуде жүрген Oskay Tarik Volkan Қазақстан Республикасының аумағында емес, себебі оны 9 маусым күні Черногорияның құзырлы органдары ұстаған, – деді Алматы прокурорының бірінші орынбасары Н.Ракишев.

Қазақстандық тарап Черногорияның құзырлы органдарына оны экстрадициялау туралы өтініш жібергенін жария етті. 

– 25 маусымда ҚР Бас прокуратурасы Черногория Республикасының Әділет министрлігіне Oskay Tarik Volkan-ды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстан Республикасының құзырлы органдарына беру жөнінде өтініш жолдады. Қазіргі уақытта Черногорияның құзырлы органдары бұл өтінішті қарап жатыр. Қарау нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады, – деп жазады Алматы прокуратурасы ресми жауабында.

3 жыл бұрын Astana International Exchange (AIX) алаңы NEF Qazaqstan компаниясының 6 миллиард теңге көлемінде алғашқы облигацияларын орналастырғанын мәлімдеген болатын.

Десе де, 2023 жылы компания AIX платформасында алғаш рет дефолтқа жол берді, ол 4 миллиард теңгеден асатын негізгі қарызды, сондай-ақ 402 миллион теңге көлеміндегі купондық төлемді өтеуде өз міндеттемелерін орындай алмаған. 

Бірнеше ай бұрын ғана Алматы полициясы 51 жастағы NEF Qazaqstan басқарушы серіктесіне Түркияның ірі құрылыс холдингі NEF-тің қазақстандық өкілдігіне қатысты алаяқтық фактісімен қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған-ды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу