Америкалық Chevron мұнай компаниясы санкция астында қалған Ресейдің "Лукойл" компаниясының шетелдік активтерін сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Тиісті ақпаратты бес сенімді дереккөзге сілтеме жасай отырып, Reuters хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Reuters дереккөздерінің сөзінше, Chevron "Лукойлдың" барлық активтерін емес, америкалық компаниямен қатысы бар үлестерін сатып алу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Екі компания Қазақстандағы Қарашығанақ пен Теңіз кен орындарында мұнай өндірісімен айналысады. Бұдан басқа "Лукойлдың" Нигерияда OML-140 шельф жобасында үлесі бар, ал Chevron бұл жобаның операторы.
Chevron компаниясы бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартқан.
Bloomberg мәліметінше, "Лукойлдың" Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттарында үлестері бар. Ресейлік алып компания Ирактан Қазақстанға дейінгі мұнай кен орындарында да айтарлықтай үлестерге ие.
"Лукойл", "Роснефть" және бұл компаниялардың 34 еншілес құрылымы қазан айында АҚШ пен Ұлыбританияның санкциясына ұшырады. Осыдан кейін "Лукойл" шетелдегі активтерін сататынын айтты. Бастапқыда бұл активтерді сатып алуға Швейцарияның Gunvor компаниясы ниет білдірді. Бірақ Вашингтон Gunvor-дың Мәскеумен байланысы бар компания екенін жариялаған соң, тиісті мәміле тоқтатылды.