Цифрландыру ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді – Мемлекет басшысы

143

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландырудың ел болашағына ықпалы жайлы пікірін білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Цифрландыру ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді – Мемлекет басшысы Фото: aqorda.kz

"Мен Жолдауда цифрлық мемлекет құру Қазақстанның келешегін айқындайтын стратегиялық таңдау екенін айттым. 3 жылдың ішінде цифрлық басқару форматына толық өту міндеті қойылды. Бұл мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді", – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, жаңа ведомство цифрландыру мен тұрмыстың барлық саласына жасанды интеллектіні енгізудің басты локомотивіне айналады.

"Басқаша айтқанда, еліміздегі қоғамдық өмір мүлдем өзге сипат алады. Технологиялық тұрғыдан анағұрлым заманауи болады, яғни ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді. Осылайша, біз өркениетке батыл қадам жасаймыз. Мен халқымыздың кейінге қайырылып, өткенмен өмір сүрмей, келешекке сеніммен көз тігуге тиіс екенін бұған дейін бірнеше рет айтқан едім", – деді Президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" қорының директорлар кеңесіне ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуальды мүшенің қызметі таныстырылғанын атап өтті.

"Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу