Алматыда "Цифрлы азаматтық" жарысының жеңімпаздары анықталды. 24 сәуір мен 15 мамыр аралығында өткен додаға 107 команда қатысқан. Ұйымдастырушылар коронавирус індетінен зардап шеккен салалардағы ең тиімді және пайдалы жобалардың ішінен 9-ын іріктеп алды.
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұстагұлов министрлік мұндай жобаларды қолдауға қашанда дайын екенін айтты.
"Ұсынылған жобалар мен идеялар оң әсер қалдырды. Бүгінгі таңда олардың барлығы да өзекті болып табылады. Ең жақсы идеяны таңдап алу өте қиынға соқты. Қазылар алқасының жасаған шешіміне қарамастан, жобалардың барлығы әрі қарай өз бетінше дамитын болады деп үміттенемін. Өз кезегінде министрлік цифрландыру, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік тұрғысындағы жобаларды талқылау үшін әрқашан ашық", – деді ол.
Ақтық мәреге жеткен топтар орта және жоғарғы оқу орындарында әртүрлі тестерді, сондай-ақ тестердің басқа да түрлерін өткізуге арналған онлайн-платформа, жүктілікті жүргізуге арналған қосымша, онлайн-мектеп ашуға және басқаруға арналған SAAS-сервисі, "E - петиция" сынды ерекше жобалар ұсынған. Жарыстың жалпы гранттық қоры 6 млн теңге. Бұл сома жарыс жеңімпаздарына бастамаларын жүзеге асырып, дамыту үшін беріледі.