Цифрлық активтерді айырбастау: Тағы 5 компания лицензиялаудан өтуде

349

Криптофиаттық сервистер кеңейіп келеді.  

Цифрлық активтерді айырбастау: Тағы 5 компания лицензиялаудан өтуде Фото: AI Atameken Business/primeminister.kz

Үш криптоактивке арналған жаңа ETF бойынша 1 млрд теңгеге 650 операция жасалды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Келесі мәселе – нарық инфрақұрылымы. Осы бағытта Ұлттық Банк Қазақстан қор биржасына цифрлық қаржы активтері платформасының және цифрлық активтер сауда платформасының операторы мәртебесін берді. Бүгінге дейін KASE (қор биржасы) цифрлық платформасында биткоин фьючерсіне арналған ETF бойынша 20,5 млрд теңгеге 34 мың операция жасалды. Үш криптоактивке арналған жаңа ETF бойынша 1 млрд теңгеге 650 операция жасалды", – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастайтын лицензияланған үш оператор жұмыс істей бастады. Алғашқы екі айда олардың айналымы шамамен 2 млрд теңге болды.

Тағы бес компания лицензиялау рәсімінен өтіп жатыр.

"Өз кезегінде, Орталық депозитарий ұстаушылардың бірыңғай тізілімін жүргізеді және ұлттық кастодиандық инфрақұрылымды қалыптастырады. Криптофиаттық сервистер кеңейіп келеді. Операцияларға қызмет көрсетуге банктік емес төлем провайдерлері қосылып жатыр. Криптокарта, крипто-QR және криптоэквайринг жұмыс істеп тұр. Осылайша, қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылып, нарықтың толыққанды инфрақұрылымы қалыптасты", – деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу