Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы нәтижелер туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің сөзінше, маңызды жетістіктердің бірі – цифрлық құжаттарды енгізу.
"Азаматтар еліміз бойынша ұшақтарда, пойыздарда цифрлық құжаттар базасы негізінде жеке басын куәландыратын құжаттарынсыз алаңсыз жүре алады. Биыл 200 млн-нан астам қызмет көрсетілді", – деді ведомство басшысы Үкіметтің көшпелі отырысында.
Тағы бір мысал – онлайн нотариус. Азаматтар елден тыс жерде болса да онлайн қызмет алады. Мұндай қызметтер 175 мыңнан астам рет көрсетілген.
Жаслан Мәдиев азаматтарға автоматты түрде, олардың өтінішінсіз ұсынылатын проактивті қызметтерді енгізудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмектің құралына айналған әлеуметтік әмиянды енгізу туралы айтылды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз екі негізгі қызметтен бастадық: оқушыларға тегін ыстық тамақ беру және тегін дәрі-дәрмек ұсыну", – деді министр.
703 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, 2 мыңнан астам мектеп қамтылды. Мемлекеттік дәріханалар жүйеге толық қосылған, қазірдің өзінде 1,5 млн-нан астам рецепт берілген.