Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк 2022 жылы ұлттық цифрлық валютаны енгізу қажеттігі жөнінде кешенді зерттеу жүргізді. Осы жылдың қазан айында цифрлық теңгенің технологиялық платформасы нақты тұтынушылар мен бизнес өкілдерімен сынақтан өткізілді. Сынақ сәтті деуге негіз бар", – деген бас банк басшысы жоба қашан енгізілетінін айтты.
Оның сөзінше, цифрлық теңгені енгізу кезең-кезеңімен – 2025 жылдың соңына дейін 3 кезеңде жүзеге асырылады.
"Бірінші кезең аясында 2023 жылдың соңына қарай әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік сатып алулар үшін цифрлық теңгені пайдалану мүмкіндігі жүзеге асырылмақшы, трансшекаралық есеп айырысу сценарийлері мен цифрлық активтер мен орталықтандырылмаған қаржы саласындағы есеп айырысулар сынақтан өтеді және тиісті нормативтік-құқықтық база дайындалады", – деді Ғалымжан Пірматов.
2024 жылы Интернетке қол жеткізусіз цифрлық теңгемен есеп айырысу бойынша функционалдық механизмдер енгізіледі. Ал, 2025 жылға қарай Цифрлық теңгені толық өндірістік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр.
"Бұл отандастарымызға мол мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, қаржы нарығында инновациялық бастамаларға жағдай жасалып, отандастарымызға қаржы сервистерінің жетімділігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз", – деді Ұлттық банк төрағасы.