Цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа енгізіледі

686

Қазақстанда цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа енгізіледі. 

Цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа енгізіледі Фото: Ekx.kz

Мұны Ұлттық банк төрағасы мәлімдеді. 

Бүгін Президент қабылдауында болған Ғалымжан Пірматов жаңашылдықты ендіру үрдісі үш кезеңге бөлінеді деді. 

Әзірлеушілердің бірі Бинұр Жәленовтың сөзінше цифрлық теңге қазақстандықтарға 2023 жылдың соңына қарай қолжетімді бола бастайды. Бірінші кезекте мемлекеттік сатып алулардың бір бөлігі көшіріледі. Сондай-ақ кейбір жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер де цифрлық валютада аударылатын болады. Бұл бюджет ақшасын жұмсаудағы ашықтықты қамтамасыз етеді, деді төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығының төрағасы.

"2024 жылдың соңына қарай біз цифрлық теңге офлайн режимінде қолжетімді болады деп жоспарлап отырмыз, яғни азаматтарымыз интернетсіз-ақ цифрлық теңгемен есеп айырысу мүмкіндігіне ие болады.  Ал 2025 жылы платформаны өнеркәсіптік  деңгейге шығарып,  трансшекаралық есеп айырысу механизмін пысықтайтатын боламыз. Тұтынушыларға смартфондарына жаңа қосымшаларды орнатудың қажеті болмайды. Қолданыстағы банк қосымшаларында цифрлық теңге үшін бөлек әмиян пайда болады", деді ҚР Ұлттық банкінің төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығының төрағасы Бинұр Жәленов.

Ұлттық банк қазақстандықтар арасында сауалнама да жүргізген. Нәтижесінде, респонденттердің 60 пайызы цифрлық теңгені пайдалануға дайын екенін айтқан. Жаңашылдықты тиімді ендіру үшін елдің бас қаржы ұйымы халыққа түсіндіру жұмыстарына баса мән бермекші. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу