Цифрлық теңге үлгісі 2022 жылдың шілдесінде дайын болады

3683

Ал оны енгізу туралы шешім келесі жылдың соңында қабылданбақ.  

Цифрлық теңге үлгісі 2022 жылдың шілдесінде дайын болады

ҚР Ұлттық банкі цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаның бірінші кезеңінің нәтижелері туралы баяндама жариялады, деп жазды inbusiness.kz.

"Цифрлық теңге қаржы технологияларының тез таралуын, аймақтарды қаржылық қызметтермен қамтамасыз етуге, төлем индустриясындағы бәсекелестік пен инновацияларды ынталандыруға ықпал етіп, Қазақстанның қаржы секторын халықаралық деңгейдеге бәсекеге қабілетті ете түседі", – деп жазылған бас банк таратқан хабарламада. 

Бастапқы кезеңде ҰБ цифрлық теңге тұжырымдамасының күнделікті өмірде қалай қолданылатынын тексеріп, бөлінген реестр технологиясының базасында жекелеген платформаның технологиялық тұрғыда жүзеге аса алатыны туралы тәжірибе жүргізген. Сондай-ақ, орталық банктен Қазақстан үшін цифрлық валюта үлгісінің негізгі параметрлерін анықтады.

Осындай зерттеулерден кейін ҰБ сарапшылары цифрлық теңгеге қолданылған технологиялық шешімдердің мынадай артықшылықтары барын анықтады: Меншік құқығы токен алды: пайдаланушы цифрлық теңгені ұялы телефондағы (немесе басқа құрылғыдағы) цифрлы әмиянында токен түрінде сақтай алады, сол арқылы өз ақшасын толық бақылауда ұстайды;
Офлайн-режимдегі төлемдер: цифрлық теңгені пайдаланатын адам сатушыда да, өзінде де интернеттің жоқтығына қарамастан, сауда жасай алады;
Құпиялық шарттарын реттеуге болады: транзакция мәліметтерін есеп айырысқан тараптардың бәрінен жасырып қоюға болады (пайдаланушының таңдауына қарай), солай бола тұра тиісті тексерулер жасауға болады;
Арнайы мақсаттағы токендер: цифрлық теңгені программалаудың арқасында токеннің құрылымында шығындарға шектеу қоюға болады және мақсатты пайдалануды оңай бақылауға болады;
Интеграцияның қарапайым түрі: цифрлық теңгенің инфрақұрылымы арқасында екінші деңгейлі банктер мен қаржылық-технологиялық компаниялар оны оңай қостырып, цифрлы қаражатты пайдаланудың жеке дара сценарийін жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Яғни, нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан компаниялар да, жаңа компаниялар да осындай мүмкіндікке ие болады.

Жобаны жүзеге асыру кезінде ҰБ токенделген жеке цифрлық валюта жасауда озық  орталық банктердің халықаралық тәжірибесіне, сондай-ақ, Швеция, Сингапур, Канада, Еуроодақ, АҚШ, Швейцария, БАӘ секілді өзге де елдердегі цифрлық валюта саласында тәжірибесі бар пилоттық жобалардың тәжірибелеріне сүйенді.

"Келесі кезеңде, 2022 жылдың шілдесіне қарай, экономикалық және реттеу зерттеуінің қорытындысын, технологиялық параметрлердің бағасын, тұтынушылардың әрекетіне қатысты сандық және сапалық зерттеудің, дизайн-сессиялар мен сарапшылар талқылауының қорытындысын ескере отырып, цифрлық теңгені енгізуге қатысты шешім қабылдау үшін үлгі дайындалады. Шешім қабылдауда төлем қызметтерін тұтынушылардың әсері негізге алынады", – деп хабарлады ҰБ. 

Әлеуетті пайда мен тәуекелдерді жан-жақты зерттеп, технологиялық аспектілер пысықталған соң, ақша-кердит саясаты мен қаржылық тұрақтылыққа тиетін ықпалы бағаланып, Ұлттық төлем жүйесі мен оның қатысушылары үшін қандай әсері болатыны болжанған соң 2022 жылдың соңына қарай цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылданбақ. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу