Шымкент қаласының физика-математика және химия-биология бағытындағы екі бірдей зияткерлік мектебі Халықаралық мектептер кеңесінен (CIS) халықаралық аккредитациядан өтті, деп хабарлайды NIS.
CIS командасының соңғы іссапары қараша айында өтті. Әлемнің әр түрлі мемлекеттері өкілдерінен құралған Халықаралық мектептер кеңесінің сарапшылары Шымкент қаласының зияткерлік мектептерінде бір апта бойы жұмыс жасап, мектептерді бағалаудан өткізді. Сарапшылар зияткерлік мектептер әлемдік стандарттың барлық қатаң талабына сәйкес келетіндігін мойындады.
CIS – білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғарғы стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрылған әлемдегі ең танымал ұйым. Қазіргі уақытта белді клубқа көптеген мемлекеттердің флагмандық мектептері мен оқу кешендері мүше. Сонымен қатар, ұйым әлемнің үздік 50 университетімен ынтымақтастық орнатқан, яғни бұл университеттер аккредиттелген мектеп түлектерін оқытуға мүдделі.
Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектептерінің тең жартысы, яғни 10 аккредитациядан өтті. Жоспар бойынша алдағы жыл ішінде тағы бес мектеп және 2019 жылға дейін барлық зияткерлік мектеп халықаралық аккредитациядан өтетін болады.