COVID-19: Әлемдегі ахуал қандай?

1090

Әлемдегі COVID-19 жұқпасы бойынша эпидемиологиялық ахуал әртүрлі. Кей елдерде жағдай күннен күнге күрделене түссе, келесі мемлекеттер шектеу талаптарын алып тастауды талқылауда. 

COVID-19: Әлемдегі ахуал қандай?

Алыс-жақын шетелдердегі эпидахуал туралы Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның телеграмдағы арнасында жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

ВАК мәліметі бойынша, Үндістандағы жағдай күннен күнге ушыға түсуде, қалалық автотұрақтар крематорий ретінде пайдалануға берілуде. Халықаралық қауымдастық  қатаң шектеу шараларының жеткіліксіздігі бойынша Үкіметті сынға алды. Қазір Делиде ең көп зардап шеккен 150 аймақта локдаун енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Ал халықты вакциналаудың пайызы ең жоғары елдердің бірі АҚШ-та екпе егілген адамдар үшін көшеде бетперде кию талабы алып тасталынуы мүмкін. Президент Джо Байден бұл қадам елдің вирусқа қарсы күресте дұрыс шешім жасағандығының тағы бір дәлелі екенін айтты, деп жазады ВАК-тың телеграмдағы арнасы.

Испания билігі болса маусым айынан бастап денсаулық сақтау сертификаттарының сандық жүйесін енгізу арқылы шетелдіктерге елге кіруге рұқсат беруді жоспарлап отыр. Мұндай жоспар Хорватия мен Португалияда да талқылануда.

ВАК ұсынған ақпаратқа сай, Грекия дүйсенбіден бастап жеті елден келген азаматтарға міндетті карантинді алып тастады. Алайда эпидемиологтар бұл тым қауіпті болуы мүмкін екенін ескертіп, билікті шетелдіктерді тексеру үшін кем дегенде жеңілдетілген шаралар қабылдауға шақырып жатыр.

Британияда вакциналаудан кейінгі COVID-19 инфекциясының жұқпалылығына жүргізілген тереңдетілген зерттеулер екпе қабылдағаннан кейін бір дозаның өзі жанұя мүшелеріне вирус жұқтыру қаупін бірнеше есе төмендететіндігін көрсетті. Ғалымдардың айтуынша, бұл нәтижелер инфекция таралуына қарсы күресте вакцинаның өте маңызды екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Кипр 10 мамырдан бастап вакцинацияның толық курсынан өткен 65 елдің азаматтарына елге еркін кіруге рұқсат береді. Ол үшін вакцинаның екі дозасын алғанын растайтын құжат болуы қажет.

Ал Қазақстанда соңғы деректер бойынша, коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 1 092 757 адамға жетті. Министрлік ақпаратына сәйкес, коронавирусқа қарсы егілген 1 092 757 азаматтың 225 095-і вакцинаның 2 компонентін толық алған.  Екпе салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Үш қала мен жеті өңір "Қызыл" аймақта орналасқан. Шектеу шараларында айтарлықтай өзгеріс жоқ.

Серік Селеубайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу