Disney 100 мың қызметкеріне жалақы төлеуді тоқтатты

1014

Жұмысынан уақытша айырылғандар енді қаржылай көмекті мемлекеттен ала алады.

Disney 100 мың қызметкеріне жалақы төлеуді тоқтатты

Осы аптадан бастап әйгілі Walt Disney компаниясы 100 мыңнан астам қызметкеріне жалақы төлеуін уақытша тоқтатады. Бұған пандемия кесірінен түрлі нысандарының жабылуы түрткі болып отыр. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады. 

АҚШ, Еуропа және Азияда сан түрлі ойын-сауық парктері мен қонақүйлері бар бұл алпауыт компания жұмысшыларының тең жартысы осылайша еңбекақы төленбейтін демалысқа жіберілді.  Financial Times басылымының есептеуінше, мұндай қадамға бара отырып Disney 500 млн долларға жуық қаражатты үнемдеп қалуды көздеп отыр. 

Ескере кететін жайт, компания 2019 жылдың соңғы үш айында 1,4 млрд доллар көлемінде табысқа кенелген болатын. Оның өкілдерінің айтуынша, қызметкерлерге арналған арнайы медициналық бағдарлама жұмысын уақытша істемейтіндер үшін тоқтамайды, бірақ карантин кезіндегі төлемді олар енді мемлекет бөлген қаржыдан ала алады. Өйткені АҚШ үкіметі бұған дейін індет салдарымен күрес мақсатында 2 трлн доллар шығындаған болатын. 

Джонс Хопкинс Университетінің соңғы дерегі бойынша, Құрама Штаттарда вирус жұқтырғандардың саны 755 мыңға жетіп, оның шамамен 40 мыңнан астамы қаза тапқан. Ал елдегі жұмыссыздық деңгейі соңғы айларда күрт өсіп, табысынан айырылғандар саны 6 миллионнан асып кеткен.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу